Атырау облысының Достық үйінде 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған облыстық этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен «Достық мерекесі» атты мерекелік іс-шара өтті. Халықтардың бірлігі күні – бұл ең маңызды, жарқын мерекенің бірі. Ол – достық пен өзара түсінушілік, бірлік мерекесі.
Іс-шараның мақсаты: қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыру, отансүйгіштік сезімді арттыу және ұлттар достастығының үлгісін паш ету.
Мерекелік іс-шараға Атырау облысының этномәдени бірлестіктер мүшелері, студенттер, Төтенше жағдайлар департаментінің курсанттары, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
«Достық мерекесі» атты салтанатты іс-шара барысында сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблея төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгешерушісі Гүлмира Шәкірова қонақтарды мерекемен құттықтап, лебізін жолдады.
Іс-шараға екі жүзден астам көрермен қатысты. Соның ішінде Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының этномәдени бірлестіктерінің белсенді мүшелері, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары ұйымдастырылған концертке белсене қатыса отырып, өз өнерлерін ортаға салды.
Қашан да қонақжай халқымыздың дархан мінезі мен кеңпейілділігінің айнымас белгісі ретінде Достық үйінің ауласына арнайы құрылған қазанға піскен баданадай бауысақтар бәрінің де көңілінен шықты. Өзге ұлт өкілдерінің бәрін бауырына басып, төрінен орын берген бауырмал халқымыздың бір үзім нанды бөліп жейтін ізгі қасиетіне әркез тәнті болудан танбайтын өзге ұлт өкілдері ақжарма алғыстарын ақтарып жатты.
Мереке барысында қала тұрғындары бір-бірін мерекемен құттықтай отыра, жақсы концерт көріп, әр ұлт өкілдерімен естелікке суретке түсе алды.
Қазіргі кезде Қазақстанда көптеген ұлттар мекендейді. Олар бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде. Міне, осы мереке халқымыздың бірлігін көрсетеді.
Атырау облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі
баспасөз қызметі