
Ас – адамның арқауы
Ас – адамның арқауы. Дегенмен, дұрыс тамақтанбаған жағдайда өмірге қауіп төнуі мүмкін. Әсіресе, ағзасы өсіп, дамып келе жатқан балаға асты талғап беру қажеттігін жақсы түсінеміз. Осы ретте «оқушылар мектеп асханасынан қандай ас ішіп жүр?» деген сауалға жауап іздеп, «Жұмыскер» шағынауданындағы №35 мектеп-гимназиясына арнайы бардық.





Біз білім ұясына 4 сынып оқушыларының ас ішіп отырған сәтінде келіппіз. Ас мәзірінде 200 гр қарақұмық, 60 гр котлет, 60 гр қырыққабат салаты, екі тілім нан мен 200 гр кисель бар. Балалардың тәбеті жақсы. Алдына қойған асты құмарлана жеп жатты.
Бұл мектепте 1500-ге жуық оқушы бар екен. Оның 642-сі 1-4 сыныптарда оқиды. Олардың барлығы да тегін тамақпен қамтылған. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардан шыққан жоғары сынып оқушыларына да тегін ыстық тамақ беріледі. Әлеуметтік педагог Жарқын Наурызғалиеваның айтуынша, тегін тамақ берілуі тиіс оқушылардың тізімі асхана қабырғасында ілініп тұрады.
«Алдымен тізім жасаймыз. Бірақ оның өзгеретін кездері де болады. Мәселен, кей балалар намыстанып, тегін тамақтан бас тартады. Бірақ биыл ондай жағдай болмады. Керісінше, тамақтанатындар саны артып отыр», дейді әлеуметтік педагог.

Жалпы, бір оқушының ыстық тамағы күніне 450 теңгені құрайды. Ал былтыр 300 теңге болған еді. Егер балаңыз күн сайын мектептен толыққанды ас ішсін десеңіз, қалтасына осы сомада ақша салып бересіз. Ал егер бір бәліш пен шай ішсін десеңіз, 220-250 теңге аралығында ақша беруіңізге тура келеді.
Таңертең үйден шай ішіп келсем де, асханаға келемін. Мен коржикті 150 теңгеге, бәліш пен пицаны 200 теңгеден аламын. Шырын алғым келеді. Бірақ ол қымбат. Сондықтан суды үйден ала келемін. Бір айда шамамен 5 мың теңгеден астам ақша жұмсаймын
Мәриям Жарылғапова
9 сыныпОқушылар сұйық тамақты ұнатады. Кисель, шырын, компотты жақсы ішеді. Мәселен, бірінші сыныпқа келген балалар алғашында қарақұмықты жегісі келмейтін. Уақыт өте келе оны тәбетпен жейтін болды. Өкінішке қарай, салат қалып кетеді. Алдын ала 5 күндік мәзір жасалынып, бекітіледі. Асханада рұқсат етілмеген тағамды сатпаймыз. Бірақ алма шырыны мен су сатылымда бар
Алмагүл Нұрсұлтанова
Бас аспазАтырау қаласы бойынша асханасы жоқ 8 мектеп бар. Онда оқушылар ішетін ас арнайы тасымалданады.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Дүйсекенованың айтуынша, Атырау облысында 1-4 сынып оқушылары 100%,ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасынан шыққан 2 мың бала мен 61 тұл жетім студент бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылып отыр.
